Тауар картасы
Тауар картасы — тауар туралы барлық дерек жиналған бет: ол қалай аталады, қанша тұрады, витринада қалай көрінеді, қоймада қаншасы бар. Оны Каталог → Тауарлар бөлімінен ашуға болады: тауар атауын басу арқылы немесе жолдағы өңдеу түймесімен.
Картаның екі қойындысы бар: Негізгі — төменде сипатталғаны, және Нұсқалар — бір тауардың өлшемдері, түстері және басқа түрлері (қараңыз: Тауар нұсқалары).
Өзгерістер өздігінен сақталады
Бетте «Сақтау» түймесі жоқ. Кез келген түзету теруді тоқтатқаннан кейін шамамен жарты секундтан соң серверге автоматты түрде жіберіледі.
Жаңа тауарға атауы жеткілікті: ол енгізілген бойда тауар құрылып, тізімде пайда болады. Қалғанын бірден толтыруға да, кейін оралуға да болады.
Атауы
Атауы басқару панелінде де, витринада да көрінеді. Бұл — жалғыз міндетті өріс.
Бағалар
Баға — тауардың ағымдағы құны. Өріс міндетті емес: тауарды бағасыз да каталогта көрсетуге болады, мысалы құны жеке есептелетін болса.
Ескі баға — жеңілдікке дейінгі құны. Ол толтырылса, сатып алушы витринада сызылған ескі бағаны және жеңілдік стикерін көреді, ал айырма автоматты түрде есептеледі.
Ескі баға мен жеңілдік стикері барлық дүкендерге қолжетімді.
«Бағаға салық кіреді» белгісі мен ҚҚС өрісі салықпен жұмыс істесеңіз керек: олар тапсырыс құжаттарында соманың қалай бөлінетініне әсер етеді.
Артикул, салмақ және өлшемдер
Артикул — тауардың әріп-цифрлық коды. Міндетті емес, бірақ ол арқылы басқару панелінде тауарды іздеу ыңғайлы, әрі дәл ол тауарларды импорттау кезінде кілт ретінде қолданылады — артикул бойынша сәйкестік бар тауарларды қайталамай, жаңарту мүмкіндігін береді.
Салмақ килограммен, өлшемдер — биіктігі, ұзындығы және ені сантиметрмен көрсетіледі. Өлшем бірліктері тіркелген, оларды өзгерту мүмкін емес. Бұл деректер жеткізу қызметтеріне құнды есептеу үшін керек.
Санаттар
Санаттар өрісінде бұрыннан бар санаттар тізімі ашылады; тауарды бірден бірнешеуіне салуға болады. Қажет санат әлі жоқ болса, оны беттен шықпай-ақ құруға болады — «Санаттарды басқару» түймесі.
Сипаттама
Сипаттама пішімдеуді, тізімдерді, кестелерді, суреттер мен бейнені қолдайды. Шектеу — белгілеумен бірге 51 200 таңба; таңба есептегіші өрістің астында көрсетілген. Редактор өрістің оң жағындағы қарындаш белгішесімен ашылады.
Фотосуреттер
Тауарға JPG немесе PNG пішімінде, әрқайсысы 1 МБ-тан аспайтын төртке дейін сурет жүктеуге болады. Үлкен файлдар автоматты түрде оңтайландырылады.
Бірінші сурет негізгі болады: дәл ол тауарлар тізімінде және витринада тауардың мұқабасы ретінде көрсетіледі. Қалғандарының реті сүйреу арқылы өзгертіледі. Сурет оң жақ жоғарғы бұрыштағы крестикпен жойылады.
Қолжетімділік
«Каталогта қолжетімді» / «Каталогта қолжетімсіз» ауыстырғышы тауарды сатып алушының көру-көрмеуін басқарады. Қолжетімсіз тауарлар каталог тізімінде сұр түспен көмескіленеді.
Өлшем бірлігі
Дана, килограмм, грамм немесе литр — тізімнен таңдалады. Бірлік сатып алушыға көрсетіледі және қалдық есебінде қолданылады.
Қалдық есебі
Қалдық — тапсырысқа қолжетімді тауар саны. Тек бүтін сандар есепке алынады.
Қалдық есебі өшірулі болғанда, қалдық шексіз деп саналады және сатып алушы кез келген мөлшерде тапсырыс бере алады. Қосулы болғанда — бар мөлшерден артық тапсырыс беру мүмкін емес.
Ағымдағы санды қарындаш белгішесімен өзгертуге болады: ашылған терезеде қанша дана қосу немесе есептен шығару керегі көрсетіледі (мысалы, тауар дүкен арқылы емес сатылса). Сол жерде күндері көрсетілген қалдық өзгерістерінің тарихы да қолжетімді.
«Қалғанда хабарлау» өрісі шекті мән қояды: қалдық сол мәнге дейін төмендеген бойда профильдегі поштаға хат келеді. Қорды толықтыруға үлгеру үшін ыңғайлы.
Жаңартылды: 2026-08-10